Новости нефтегазохимии

Атырау мұнай өңдеу зауытына — 80 жыл: Қазақстанның мұнай өңдеу саласындағы алғашқы кәсіпорынның құрылу тарихы

Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары Гурьев қаласында (қазіргі Атырау) Қазақстанның алғашқы мұнай өңдеу зауытының жобасы әзірленді. 1944 жылы кәсіпорынның құрылысы жандана түсті: инфрақұрылымды салу жұмыстары қарқын алды, тұрғын үй және өндірістік нысандар бой көтерді, инженерлік желілер салынды. Жалпы, 10 мыңнан астам адам жұмылдырылды.

Кәсіпорын қысқа мерзімде — небәрі 18 айдың ішінде салынып бітті. 1945 жылдың 8 қыркүйегінде Атырау мұнай өңдеу зауыты алғашқы өнімін — автокөлік бензинін шығарды. Бұл күн зауыттың жұмысы басталып, қазақстандық мұнай өңдеу саласының туған күні ретінде тарих қойнауында қалды.
Кәсіпорын іске қосылғаннан кейін Гурьев облысы индустриалды орталық мәртебесіне ие болды. Ол кезде зауыт құрамына 17 өнеркәсіптік нысан кірді.

Қазақ КСР үшін өз мұнай өңдеу зауытын ашу аса маңызды болды. Республика индустриялық даму үшін қуатты серпін алды. Зауыт маңызды отын түрлерін шығарып қана қоймай, өңірде ғылым мен технологияны дамыту үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашты. Сол кезде Атырау мұнай өңдеу зауытында каталитикалық крекинг, газ фракциялық қондырғы және күкірт қышқылды алкилдеу қондырғысы орнатылып, озық технологиялармен жабдықталған болатын, бұл көптеген сапалы мұнай өнімдерін шығаруға мүмкіндік берді.
Бүгінгі таңда ауқымды үш кезеңдік жаңғыртудан өткен Атырау мұнай өңдеу зауыты 2024 жылы рекордтық көрсеткіштерге қол жеткізді — 5 млн 546 мың тонна мұнай өңдеді. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 71 мың тоннаға артық. Кәсіпорын Қазақстанның мотор отынына деген ішкі сұранысының үштен бірін қамтамасыз етеді. Зауытта 2,5 мыңнан астам қазақстандық еңбек етеді.

Толығырақ ҚМГ сайтынан оқи аласыздар.

Дереккөз: ҚазМұнайГаз
Қауымдастық жаңалықтары