Новости нефтегазохимии

ҚМГ мен CITIC Group басшылары ортақ жобаларды одан әрі іске асыру барысын талқылады

«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Асхат Хасенов Бейжіңге (ҚХР) жұмыс сапары кезінде CITIC Group Директорлар кеңесінің төрағасы Си Гохуамен кездесу өткізді.

Тараптар екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылады.

Атап айтқанда, кездесуде Caspi Bitum зауытының қуатын жылына 1 млн тоннадан 1,5 млн тоннаға дейін арттыру туралы сөз болды. Бұл жол битумы өндірісін қазіргі жылына 500 мың тоннадан 750 мың тоннаға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Жаңғырту жұмыстарын жобаның бас мердігері CITIC Construction компаниясы (CITIC Group-тың еншілес ұйымы) биылғы қарашадан бастап жүргізіп жатыр. Жұмыстар 2025 жылдың екінші тоқсанында аяқталады деп жоспарланған.

Caspi Bitum қуатын кеңейту жұмыстарын жүргізу кезінде Қазақстанда битум өндірісі жалғасады, себебі бұл салада ҚМГ-ның басқа да кәсіпорындары, атап айтқанда «Павлодар мұнай-химия зауыты» ЖШС бар. Бұл зауытта 2024 жылдың қаңтарынан бастап жол битумын өндіру көлемі 15%-ға ұлғайды. Сонымен қатар елімізде битумды жекеменшік зауыттар да шығарады.

Сондай-ақ Caspi Bitum зауытына «Қаражанбасмұнай» АҚ-дан (ҚБМ — ҚМГ-ның еншілес кәсіпорны) мұнайды үздіксіз жеткізу мәселелеріне ерекше ден қойылды.

Биыл тамызда жобалық қуатына шығып, тәулігіне 17 мың текше метр қабат суын беретін ҚБМ су тұщыту зауытының жұмысына қатысты мәселелер де талқыланды. Жобаны іске асыру Астрахань — Маңғышлақ магистральды су құбыры арқылы келетін судың едәуір көлемін өңір халқының қажеттіліктеріне бағыттауға мүмкіндік берді.

«ҚазМұнайГаз CITIC Group-пен мұнай-газ саласында жемісті ынтымақтасып, елеулі инвестиция тартып, ел үшін маңызды жобаларды іске асыруда. Алдағы уақытта да өзара тиімді серіктестік жалғасын табады», — деп атап өтті А.Хасенов.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар барлық маңызды бағыт бойынша жұмысты күшейтуге келісті.

Дереккөз: ҚазМұнайГаз
Қауымдастық жаңалықтары