Новости нефтегазохимии

АМӨЗ-де жоспарлы-алдын алу жұмыстары кезіндегі қауіпсіздік мәселесі талқыланды

Атырау мұнай өңдеу зауытында («АМӨЗ» ЖШС) жоспарлы-алдын алу жұмыстарына дайындықты пысықтауға арналған жиын өтті. Жөндеу жұмыстары кезінде қауіпсіздік техникасы мен еңбекті қорғауды қамтамасыз ету —басқосудың негізгі тақырыбы болды.

Жиынға зауыт басшылығы, өндірістік бөлімдердің жетекшілері мен мердігер ұйымдардың өкілдері қатысты.

Отырыста қауіпсіздік техникасы нормаларын сақтау, қажетті персонал санын қамтамасыз етуге қатысты талаптар айтылып, технологиялық қондырғыларда жүргізілетін негізгі жұмыстар көлемі нақтыланды. Сонымен қатар жүк көтеру, биіктікте жұмыс істеу және басқа да күрделі операцияларға дайындық барысына ерекше көңіл бөлінді. Қауіпсіз өндіріс алаңын құрып, персонал үшін қолайлы санитарлық-тұрмыстық жағдай жасау мәселелері де қаралды.

«АМӨЗ» ЖШС Бас директоры Қуаныш Бишімов жөндеу жұмыстары кезінде қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтап, процестерді тиімді жоспарлауға шақырды.

«Атқарылатын жұмыстар ауқымды. Оған мердігер компаниялардың жұмысшыларымен қатар зауыт қызметкерлері де тартылады. Біз үшін іс-шараларды белгіленген мерзімде ғана емес, сонымен қатар ең жоғары қауіпсіздік деңгейінде орындау маңызды. Әр жұмысшы еңбекті қорғау ережелерін сақтаудағы жеке жауапкершілігін сезініп, барлық талаптарды қатаң ұстануы тиіс. Сонымен қатар арнайы жүк көтергіш техниканың жұмысын қадағалау, наряд-рұқсат қағаздарын талапқа сай рәсімдеу, жұмысшыларды заманауи жеке қорғаныс құралдарымен қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше назар аудару қажет. Мердігер ұйымдарда қауіпсіздік техникасы бойынша білікті инспекторлардың болуы міндетті. Осы шарттар орындалған жағдайда ғана біз жүктелген тапсырмаларды уақытылы, сапалы әрі қауіпсіз жүзеге асыра аламыз», — деді Қ.Бишімов.

Еңбекті қорғау бойынша бас техникалық жетекші-қауіпсіздік және еңбекті қорғау қызметінің басшысы Арман Димукашев өткен жылдары жүргізілген жөндеу жұмыстары кезінде анықталған қауіпсіздік ережелерін бұзу фактілері бойынша салыстырмалы талдау нәтижелерін таныстырып, жұмыстардың барлық кезеңінде белгіленген талаптарды сақтау қажеттігін атап өтті.

Мердігер компаниялардың басшылары өз кезегінде персоналдың және арнайы техниканың дайындық деңгейі, сондай-ақ жұмыстарды қауіпсіз әрі кестеге сай орындау үшін қолға алынған өзге де шаралар туралы баяндады.

Еске сала кеткен жөн, 2025 жылдың 1 қазанында Атырау мұнай өңдеу зауытында жоспарлы-алдын алу жұмыстары басталады. Бұл жыл сайынғы кешенді шара технологиялық қондырғылардың қауіпсіз, тұрақты жұмысын қамтамасыз ету, жабдықтардың сенімділігін күшейту және өндіріс тиімділігін арттыруға бағытталған.

Дереккөз: «АМӨЗ» ЖШС Баспасөз қызметі
Қауымдастық жаңалықтары