Новости нефтегазохимии

КРІ дамудың жаңа бағдарын ұсынды

Бүгін Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев арнайы келіп іске қосқан газ-химия саласындағы тұңғыш кешен - КРІ зауытына 1 жыл толды. Осы орайда кәсіпорын дамудың жаңа бағдары етіп БҰҰ-ның Тұрақты дамуының 17 мақсатының 14-ін таңдап алды.

Бұл туралы компания кәсіпорынның 1 жыл толуына орай ұйымдастырылған “ESG Talks” форумында айтылды. Жиынға эко-белсенділер, мемлекеттік қызметкерлер, БҰҰ Даму бағдарламасының Қазақстандағы тұрақты өкілінің кеңесшісі, мұнай-газ-химия саласындағы әріптес компания өкілдері қатысты. Олардың ішінде “ҚазМұнайГаз”, “Сибур”, “Казатомпром”, “KEGOC”, “KPMG”, “PwC Kazakhstan” компаниясының өкілдері Тұрақты дамудың жолдары бойынша өз тәжірбиесімен бөлісті.

-Газ-химия — еліміз үшін жаңа бағыт, тың сала. Жаңа кәсіпорын, жаңа ұжым, жаңа ұжымдық мәдениет болғандықтан, бұрын тәжірибемізде кездеспеген мәселелермен бетпе-бет келген кездердің бары жасырын емес. Осы уақытқа дейін біздің қызметкерлердің жолымызда кездескен проблемаларды анықтап, шешу жолдарын іздеуі – ұжым жетістігі екенін атап өткім келеді. Жаңа бизнес процестер, полипропиленді өндіру, жөнелту, алғашқы рет жасалған профилактикалық жұмыстар — бәрі біз үшін жаңа тәжірбие. Жасыратыны жоқ, бізге әлі де дамып, өсу қажет. Осы бағытта біз жас кәсіпорын ретінде дамудың жаңа бағдары етіп БҰҰ-ның Тұрақты дамудың 2026 жылға дейін 14 бағытын таңдап алдық. Бүгін сол мақсаттарды сіздерге таныстырып, талқылау мақсатында жиналып отырмыз,-деді КРІ ЖШС басқарма төрағасы Данияр Тиесов.

КРІ компаниясы Тұрақты дамудың 2026 жылға дейін орындалатын ең маңызды 14 бағытын таңдап алған. Оның ішінде еңбек және өнеркәсіптік қауіпсіздік, қоршаған ортаны қорғау, сапалы білім беру, гендірлік теңдік, қолжетімді және таза энергия, лайықты жұмыс және экономикалық өсу, инновация және инфрақұрылым, теңсіздікті болдырмау және тағы бағыттар.

-2024 жылы біз үш негізгі тапсырманы орындауды жоспарлап отырмыз. Ең бірінші мақсатымыз - өндірісті тұрақтандыру, одан кейін ассортиментті көбейту және компанияның шығынын азайту, - деді Данияр Тиесов.

“Kazakhstan Petrochemical Industries Inc.” ЖШС қоғам мен қоршаған орта алдындағы жауапкершілігін түсінеді. Кешен бұған дейін де экологиялық, әлеуметтік түрлі жобаны іске асырып келді. Енді ESG аясында оны әрі қарай дамытпақ. Компания өзі жұмыс жасайтын аймақтың гүлденуіне, тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуға және табиғи ресурстар мен биоәртүрлілікті сақтауға мүдделі.
Қауымдастық жаңалықтары