Италияның “TG1 RAI” мемлекеттік телеарнасының ұжымы КРІ кешеніне қонаққа келді
Еліміздегі шикізатты терең өңдейтін газ-химия кешенінің жұмысымен танысып, Еуропа жұртшылығын ақпараттандыру мақсатында КРІ зауытына “TG1 RAI” телеарнасының журналистері келді. Италиялық БАҚ өкілдері пропанды құю және сақтау паркін, дайын өнім қоймасын, пропанды дегидрлеу және пропиленді полимерлеу технологиялық қондырғыларын аралап, полипропилен түйіршіктерінің
өндірілу процесімен танысты. Компанияның 1 жылда жеткен жетістіктері мен жоспарлары туралы КРІ ЖШС атқарушы директоры Дамир Ашимов баяндады. Кешен биыл Еуропаның өзіне 19 мың тоннадан астам полипропилен экспорттады.
-Біз қазір үш марка шығарып жатырмыз. Жыл аяғына дейін полипропиленнің тағы да жаңа маркаларын шығарамыз деп жоспарлап отырмыз,-деді ол.
КРІ газ-химия кешені бүгінде 631 адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Одан бөлек, мердігер компанияларда 1000-ға жуық маман еңбек етеді. Іске қосылғанына қараша айында 1 жыл толған зауыт бүгінде БҰҰ-ның тұрақты даму бағдарламасын негізге алып, жұмыс істеп жатыр.
-Қонақжайлықтарыңыз үшін рахмет. Барлық ақпараттың қолжетімді болуын қамтамасыз еттіңіздер. Біз керемет кешенді ғана емес, бүтін ұлтты таныдық,- деді “TG1 RAI” телеарнасының тілшісі RICCI ANNAPAOLA.